Жаңалықтар

Dream team – 2019. БАҚ лиганың таңдаулы құрамы жасалды

БАҚ лиганың қысқы маусымында көрермендердің көзайымына айналған ойыншылар көп болды. Әр матчтың қорытындысы бойынша солардың үздіктері анықталып, пиццерияның сертификаттарымен марапатталып жатты. Сондай-ақ, апта сайын әр турдың қорытындысы бойынша таңдаулы команда түзіліп отырды. Бірақ, бұл «Dream team» команданың орны бөлек.

Назарларыңызға «Таңдаулы құрамдар» мен «Үздіктерге дауыс беру» нәтижелері бойынша түзілген бесінші маусымның «Dream team» командасын ұсынамыз.

Қақпашы – Азамат НҰРМАТОВ (Elorda aqparat)

«Үздік қақпашы» номинациясын биыл Азамат Нұрматов жеңіп алды. Расымен де «Elorda aqparat» кипері өте тамаша матч өткізді. Маңызды ойындарда керемет сейвтер жасап, командасына ауадай қажетті ұпайлар сыйлады. Ал оның «Хабар» қақпасына соққан голы әлі күнге көпшіліктің көз алдында.

Резерв: Саят САБЫРБАЕВ (Qazaqstan TV/Қазмедиа А)

Резервте Саят Сабырбаев. Жоқ, таңғалуға болмайды. Саят биыл керемет маусым өткізді. Рас, әу баста «Qazaqstan TV» да, «Қазмедиа А» да оған аса сенім артпады. Бірақ, Сабырбаев өзінің сенімді сейвтері арқылы екі командада да негізгі құрамға кіріп, нәтижесінде дауыс беруде екінші орынды еншіледі.

Қорғаушылар – Елтай НҰРҒАЗИН (Elorda aqparat) мен Ершат ҚОЖАТАЕВ (Қазмедиа А)

Елтай Нұрғазин биыл таңдаулы құрамға 7 рет енген. Оның үшеуінде негізгі құрамнан орын алып, төртеуінде резервтен көрінген. Расымен де өткен маусымда Елтай «Elorda aqparat»-тың нағыз қозғалтқыш күші бола білді. Әсіресе маңызды ойындарда қарсыластарға «Астана ақшамының» дизайнерін тоқтату мүмкін болмай жатты. «Хабармен» болған ойынды еске аламыз ғой. Сонда Нұрғазин командасының ұтылып жатқан жерінен дубль жасап, матч тағдырын 180 градусқа бұрып жіберді.

БАҚ лиганың бірінші маусымында «Үздік қорғаушы» номинациясын Арай Ізбай жеңіп алған. Ал одан кейінгі төрт маусымда бұл атақты Ершат Қожатаев ешкімге бермей келеді. Биыл да басым дауыспен Ершат қорғаныс шебінің үздігі атанды. Репутациясы мықты ойыншы расымен де доптан аяғын тартып қалмайды. Үнемі майдан ортасында. Жай ойындарда аса көзге түспесе де, маңызды матчтарда қорғаныста сауатты ойнап қана қоймай, шабуылда да қарсылас қақпасын аңдып жүреді. Сөйтіп жүріп биыл төрт гол соқты.

Резерв: Бимухамед БУКЕЕВ (Хабар), Нұрсұлтан ҚҰРМАН (Хабар)

Резервте «Хабардың» қос ойыншысы Бимухамед Букеев пен Нұрсұлтан Құрман. Негізгі құрамдағы екеуі сәл босаңсыса, орындарын басып алуға әзір. Оның үстіне, Құрман биыл әр турдың негізгі таңдаулы құрамынан төрт рет көрінген жалғыз қорғаушы. Ал Бимухамед Букеевті «Үздік қорғаушы» ғана емес, «Үздік ойыншы» санайтындар да жетерлік.

Шабуылшылар – Нұрсұлтан ҚАБЫЛБЕК (Хабар) пен Бексаттар САТТАР (Elorda aqparat)

14 турдан құралған БАҚ лиганың биылғы маусымында Нұрсұлтан Қабылбек соның сегізінде таңдаулы құрамнан орын алыпты. Мұндай жетістікке «А» лигасының бірде-бір ойыншысы қол жеткізе алған жоқ. Бір қызығы, биыл номинациясыз қалды. Соңғы турда оның алдын «Elorda aqparat» шабуылшысы Бексаттар Саттар орап кетті де, қолында тұрған «Үздік сұрмерген» номинациясын жұлып алды.

Португалия үшін Криштиану Роналдудың рөлі қандай болса, бүгінгі «Elorda aqparat» үшін Бексаттар Саттардың рөлі сондай. Онсыз қола жүлдегерлердің шабуылын елестету мүмкін емес. Биыл Бексаттардың үздік болғандығы соншалық, бір емес, үш номинацияны қанжығасына байлады.

Резерв: Жандос МАНАШЕВ (Qazaqstan TV), Еркебұлан АЛДАБЕРГЕН (Егемен Қазақстан)

Әлбетте, шебер шабуылшылар көп болды. Мәселен, сұрмергендер тізімінде Нұрмұхамед Байсүгіров, Абдулла Төкенов, Азамат Жандарбеков сынды жайсаңдар бұл екеуінен жоғары тұр. Дегенмен, Жандос Манашевті команда капитандары «Үздік ойыншы» номинациясында мойындаса, Еркебұлан Алдабергенді «Үздік шабуылшы» номинациясында қолдағандар көп.

«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

BAQ league бесінші маусымының серіктестері:

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close