Жаңалықтар

«Хабар», әлде «Қазмедиа» – БАҚ лиганың биылғы чемпионы кім болмақ?

Журналистер біріншілігінің чемпиондығына биыл «Хабар» мен «Қазмедиа А» командалары таласады. Бас жүлденің тағдыры соңғы турда, соңғы матчта шешіледі. Ал «Elorda aqparat» ресми түрде қола жүлдегер атанды.

Кеше БАҚ лиганың 13-туры өтіп, matchday көпшіліктің барлық үмітін ақтады. «Хабар» мен «Elorda aqparat». «Төскейде малы, тағы бір жерде басы қосылмайтын» қарсыластар. Бірақ, бірінші айналымда 2:4 есебімен ұтылғанында «хабарлықтар» бұл сәтсіздікті сәйкестікке балап, келесі кездесуде қарымта қайтаруға уәде еткен. Расымен де, матчты чемпиондар өте қарқынды бастады. Келесі маусымда еркін агент ретінде өзге командаға ауысады деп жүрген Бимухамед Букеев жетінші минутта-ақ «Elorda aqparat» қақпасына дубль жасап, «хабарлықтарды» 2:0 есебімен алға шығарды. «Бұл ірі жеңістің бастамасы ғана» десті бір-біріне қарап, залға лық толы жиналған көрермен. Алайда, «Elorda aqparat» есін жоғалтпапты. Елтай Нұрғазин сынды капитаны бар команда жеңісті оңайлықпен бере қойсын ба?.. Елтайдың өзі есепті қысқартты. 2:1. Үзіліс. Екінші таймды асыға күткен жанкүйер. Назарбаев университеттің Спорт кешеніне жиналған көрермен екіге жарылған. Жартысы «Хабарды» қолдайды, жартысы «Elorda aqparat»-тың шашбауын көтеріп отыр. Матчтың екінші жартысы аңдысумен басталғанына қарамастан Ғалым Қожабековтің шәкірттері ширағырақ қимылдап, Елтай Нұрғазин дубль жасады. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, Нүркен Жамбаев пен Аян Әбдуәли де бір-бір голдан соғып, таблодағы көрсеткіш 4:2-ге жетті. Бірінші айналымда да «хабарлықтардың» осындай есеппен жеңілгенін еске алған көрермен бұл уақытта чемпиондардың тәжін бастарынан жұлқылай шешіп жатқан еді. Расымен де, «Хабардың» халі ауыр еді. Егер Бексаттар Саттар бесінші голды соққанда, онда естерін жия алмай кетуі де ғажап емес болатын. Бәрін де осы сәт шешкен секілді. Қақпашысын алмастырып, бесінші ойыншының міндетін атқарған Нұрсұлтан Құрманның өзі Бексаттардан алданып қалып, қолын бір-ақ сілтеген. Шабуылшыға допты ашық қақпаға түрте салу ғана қалған. Алайда, алаңның екінші шетінен көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп келіп, «Elorda aqparat» шабуылшысының аяғынан допты жұлып алған Әлішер Келгенбай «хабарлықтардың» нағыз қаһарманы болды. Ал осыдан кейін өздеріне келген «хабарлықтар» соңғы секундқа дейін арпалысып, ақыры тең есепті жұлып алды.

Енді «Хабарға» чемпион болу үшін соңғы турда басты бәсекелесі «Қазмедиа А» командасын жеңуі керек. Өз кезегінде ҚМО жігіттеріне чемпион болу үшін тең ойын да жеткілікті.

Егер шеберліктері шамалас болса, аутсайдерлердің де ойыны қызық болады. Бұған біз «Qazaqstan TV» мен «Спорт 59» арасындағы ойында көз жеткіздік. Алма-кезек шабуылмен өрбіген ойын ұлттық арна жігіттерінің жеңісімен аяқталды. Есеп – 6:5. Нұрмұхамед Байсүгіровтің покеріне «Qazaqstan TV» сапынан Жандос Манашев пен Мирас Жақыпов дубльдарымен жауап беріп, тағы екі голды Ұлан Төлеуханов пен Асқар Мұхтаров соқты.

Ал «Егемен Қазақстан» өз кезегінде «Хабар 24» командасын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, бірінші айналымдағы жеңіліс үшін қарымта қайтарды. Осылайша турнир кестесінің соңғы сатыларында арпалыс қыза түсті. «Егемен Қазақстан», «Спорт 59» және «Хабар 24» – қайсылары «В» лигасына ұшар екен?..

«А» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

BAQ league бесінші маусымының серіктестері:

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close