Жаңалықтар

«В» лигасы. «Астана ТВ» алғаш рет ұпайдан айрылды

Кеше Назарбаев университеттің Спорт кешенінде Журналистер біріншілігінің 13-тур ойындары өтті. Әлбетте, «В» лигасында бәрі де күні бұрын шешіліп қойғанымен қызықты ойындар әлі біткен жоқ. Керісінше, маусым финишіне жақындаған сайын тартыс күшейіп келеді.

Турдың орталық кездесуі «Астана» телеарнасы мен «Qazaq radiolary» арасында өтті. Рас, екеуінің де маусымды қай орынмен аяқтайтыны тур бұрын анықталып қойған. Екеуі де «А» лигасының жолдамасын оңай жеңіп алды. Алайда, «Qazaq radiolary»-ның «Астана ТВ»-да қалып қойған ақысы бар еді. Бірінші айналымда Әділет Құсайынов бастаған жігіттер азуын қатты батырған. Төрт жерден. Сондықтан, бұл ойынды жанкүйерлер ұзақ күтті. Оның үстіне, қазір «Qazaq radiolary»-ның да құрамы әу бастағыдай емес, әбден қарымды. Матчты бірден қарқынды бастады. «Астана ТВ» қақпашысы Дмитрий Покидаевтың келмей қалғанын сәтті пайдаланып, Бақытжан Масақов пен Елдос Өмірхан бірінші таймның басында-ақ таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Осыдан кейін көпшілік ірі есеп күткен. Екінші таймда «радиолықтар» өршелене түседі деп ойлаған. Алайда, үзіліс кезінде жігіттерін жігерлендіре білген Әділет Құсайынов командасының ойынын құбылтып жіберді. Екінші таймды өте жылдам шабуылмен бастаған «шалдар» алдымен Александр Олейниктің көмегімен таразы басын теңестірсе, есеңгіреп қалған «радиолықтардың» қақпасына Әділет Құсайынов тағы бір гол соғып, камбэкке керемет қадам жасады. Дегенмен, ешкімді жеңіліске қимайтын мұндай ойынның тең аяқталғаны дұрыс қой. Көпшіліктің бағына орай, ойынның 40-минутында Ержан Жүніс өкшесімен гол соғып, тең есепті жұлып алды. Қорытынды есеп – 3:3, «Астана ТВ» алғаш рет ұпай жоғалтқанымен биылдыққа әлі жеңілістің кермек дәмін татып көрген жоқ.

«Астана ТВ» мен «Qazaq radiolary»-нан кейінгі үшінші орынды ресми түрде «Ел арна» еншіледі. Кеше басты бәсекелесі «ДИАП Qazaqstan»-мен кездескен «Ел арна» қақпасына бірінші болып гол жіберіп алғанымен естерін тез жиып, кездесуді өз пайдаларына 8:2 есебімен жеңіске жетті. Әдеттегідей бірінші таймды ұйқылы-ояу өткізген Жасын Біркеновтің жігіттері қақпашысын біраз қинап барып, голдарының басым бөлігін үзілістен кейін соқты.

Ал турдың шымылдығын «Мазмұндама» мен «Қазмедиа В» ашты. Турнир кестесіндегі көршілердің кездесуі бірінші айналымда «ҚМО»-лықтардың ірі жеңісімен аяқталған. Бұл жолы намысқа тырысқанымен «мазмұндамалықтардың» құрамы селдіреп қалғаны матч басында-ақ байқалды. Әртүрлі себептермен негізгі құрамдағы бірқатар ойыншылары келе алмапты. Сондықтан, тағы бір ірі есепті күткендер де аз емес еді. Бірақ, қақпада Кирилл Пяртельге сенім артқан олар бірінші айналымдағы ірі жеңіліс үшін қарымта қайтаруға тырысты. Алайда, бірінші таймда екі команда да гол соға алған жоқ. Ал үзілістен кейін Жандос Дәуітқұловтің, құдды бір, пушкадан атқандай етіп, шірене тепкен добы «Қазмедианы» алға шығарды. Бәрі осымен аяқталуы мүкін еді, бірақ «Мазмұндама» байыз тапқан жоқ. Соңына дейін барын салды. Ақыры мақсаттарына жетіп, матчтың аяқталуына 13 секунд қалғанда таразы басын теңестіріп үлгерді.

Тағы бір кездесу кішігірім сенсациямен аяқталды. Дәл қазір қаншалықты сенсация деп атауға боларын білмедік. Өйткені, «National Geographic Qazaqstan» соңғы кездері маусым басындағыдай айбарлы емес. Қайраты кеткен арыстанды көз алдыңа әкеледі. Қазір бұл «арыстанды» кім көрінген басынып бітті. Ал кеше «Қаламгерден» ұтылды. Есеп – 5:3. Негізі, бұдан да ірі нәтиженің тіркелуі ғажап емес еді, алайда, Ратмир Әубәкір мен Тимур Айтмұханбетовтің қақырата тепкен соққылары қақпадан сәл қиыс кетіп, «табиғат жыршыларының» абыройларын сақтап қалды.

«В» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

BAQ league бесінші маусымының серіктестері:

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close