Жаңалықтар

“В” лигасы үшінші турының таңдаулы құрамы жасалды

Назарларыңызға Журналистер біріншілігі 3-ші турының қорытындысы бойынша түзілген «В» лигасының таңдаулы құрамын ұсынамыз.

Қақпашы – Данияр ХАМЗИН (Қазмедиа В)

Егер осы бетінен таймаса, Данияр Хамзин трансферлік кезеңде «Қазмедиа А» командасына ауысып кетуі әбден мүмкін. «А» лигасындағы тәжірибесі де жоқ емес. Ал биылдыққа ағашқы үш турдан кейін Данияр ең аз гол жіберген үш қақпашының бірі екен. «Қаламгерге» қарсы кездесуде қарсыластары қанша соққы бағыттағанымен соның біреуін ғана голға айналдыра алды. Айтпақшы, резервке Ермек Төрениязовты қойдық. Алғашқы қадамы жаман емес. Потенциалы бар екенін көрсетті.

Қорғаушылар – Мәді ҚҰДАЙБЕРГЕН (NGQ) мен Еркін БЕКТЕНОВ (Астана ТВ)

«ДИАП Qazaqstan» командасына қарсы кездесудің алғашқы минуттарында-ақ негізгі қорғаушысы Арай Ізбай алаңнан қуылғаннан кейін «National Geographic Qazaqstan»-ға аздап тактикасын өзгертуге тура келді де, қорғаныс шебіне Мәді Құдайберген жауап берді. Мәді бұл міндетті абыроймен атқарғаны былай тұрсын, шабуылда да сұрмергендігімен көзге түсіп, хет-трик жасады.

Ал Еркін Бектенов «Мазмұндамаға» қарсы алаңға сиректеу шықса да, өзіне берілген уақытта қарсыластарының шабуылшыларына еш мүмкіндік берген жоқ. Қақпашысы Дмитрий Покидаевтің сенімді серіктесі бола біліп, алғашқы пастың барлығын өзі өрбітіп отырды.

Шабуылшылар – Олжас ЖАҚЫПБЕК (Qazaq radiolary) пен Дәурен ЖОЛДАСОВ (Ел арна)

Үшінші турдың орталық кездесуіне баланған Qazaq radiolary мен «Ел арна» арасындағы матчта 10 гол соғылған болса, соның алтауы Олжас Жақыпбек пен Дәурен Жолдасовтың еншісіне тиесілі екен. Екеуі де үш голдан соқты. Иә, екеуі екі командада доп теуіп жүр. Ал бірге ойнатып қойса, қалай болар екен? «В» лигасындағы бүкіл қақпашылардың қорқынышты түстеріне кіріп шығатын шығар.

Резерв:

Қақпашы – Ермек ТӨРЕНИЯЗОВ (NGQ),

Қорғаушылар – Мирас ҚАЙЫРХАН (Қазмедиа В), Елдос ӨМІРЗАҚ (Qazaq radiolary),

Шабуылшылар – Дмитрий НЕСТЕРЕНКО (Мазмұндама), Болатхан СЕРІКБАЙ (NGQ).

«B» лигасының хаттамалық бөлімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

BAQ league бесінші маусымының серіктестері:

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Астана футбол федерациясы, “Хабар” агенттігі, “QAZSPORT” телеарнасы, “Астана” футбол клубы, “Арасан” суы, “Life football” спорттық дүкені, “Mammas’ Pizza” пиццериясы, “Nexxio pizza” пиццериясы, “Astana Educatiоn” ағылшын тілі орталығы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

Close